Мектеп тарихы
Дембицкая Раиса Самсонова
1976 жылы қыркүйек айында Целиноград қаласы Карл Маркс көшесі қазіргі Кенесары көшесінде №31 мектеп өз есігін айқара ашты.
2002 жылдан бастап математика, ағылшын, тарих пәндерін тереңдетіп оқытатын көпбейінді мектеп атымен белгілі.
2008 жылдан бастап «мектеп- гимназия» мәртебесіне ие болды.
Мектеп – қала мектептерінің ішінде жалпы білім беретін беделді мектептердің қатарында саналады. Осындай беделге қол жеткізу, мерейіміздің үстем болуы 25 жыл директорлық лауазымда болған Дембицкая Раиса Самсоновна есімімен тығыз байланысты. Раиса Самсоновна басқарған тұста мектеп өз дәстүрі қалыптасқан үнемі үздіктер қатарында саналатын.
Раиса Самсоновна – Қазақ КСР-і «Халық ағарту ісінің үздігі» (1983ж), КСРО «Оқу –ағарту ісінің үздігі» (1986ж) белгісімен марапатталған. Сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарының, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі (2004ж) және көптеген т.б марапаттардың иесі.
Раиса Самсоновна - Қазақстан мұғалімдері съезінің (1987ж), Ғылым және білім беру қызметкерлерінің Халықаралық съезінің (1988ж), Қазақстан Республикасы Ғылым және білім қызметкерлері съезінің (2002ж), Қазақстан Республикасы Ғылым және білім қызметкерлері Форумының (2006ж) делегаты болып табылады.
Раиса Самсоновна – білгір, білікті басшы ғана емес, өзінен кейінгі буынға аға тәлімгер. Бірнеше жыл қатарынан Астана білім беру ұйымдары директорлары Кеңесінің төрайымы, Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің коллегия кеңесінің мүшесі сияқты қоғамдық жұмыстарды атқарды.
40 жылдан астам тарихында мектеп өз қабырғасынан ұшқан әйгілі азаматтарымен мақтана алады. Көптеген белестерді бағындырған мектеп түлектері экономика, денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларында қызмет атқаруда. Атап айтсақ:
Дәрмен Садвакасов- жасөспірімдер арасындағы шахматтан әлем чемпионы,
Черкаев Ринат- медициналық академияның оқытушысы, белгілі хирург, медицина ғылымдарының кандидаты,
Эльдар Бейсембеков - тұңғыш «Алтын белгі» иегері, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ және магистратураны, Колумбия университетін тәмамдаған,
Сергей Разумов – ЦММИ бітірген, медицина ғылымдарының кандидаты,100 баспасөз ғылыми жұмыстарының авторы.
Мектеп тарихындағы ең елеулі жағдай 1998 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Елбасы Нұр-Сұлтан Әбішұлы Назарбаев мектебіміздің тынысымен танысқалы іс-сапармен келген болатын.